Білім

Оқушылар тасымалы қалай ұйымдастырылып жатыр?

Балалар жылы аясында облыс мектептеріне оқушылар тасымалы үшін 32 жаңа автобус сатып алу жоспарланған болатын. Оның 22-сі Ақтөбе қаласындағы мектептер үшін берілмек. Облыс орталығындағы 29 білім шаңырағында оқушылар тасымалы ұйымдастырылып отыр. Тасымалданатын оқушысы көп білім ордасы — №70 мектеп. Мұндағы 767 оқушыға 6 автобус қызмет көрсетеді. Оның 4-еуі жалға алынған көліктер. 

Біз Ақтөбе қаласындағы мектептерде балалар тасымалы қалай ұйымдастырылып жатқанын білмек ниетпен тиісті мекемелерге хабарласқанбыз.

29 білім шаңырағы және 88 автобус

Үкімет Қаулысына сәйкес, мектеп жасындағы балаларға оқу шаңырағы 3 шақырым қашықтықта орналасса, күнделікті ақысыз тасымал қамтамасыз етілуге тиіс.

Облыс орталығындағы 85 мектептің 29-ында оқушылар тасымалы ұйымдастырылып жатыр. Жалпы бала саны — 7051.Балалар тасымалы үшін барлығы 88 көлік жұмылдырылып отыр.Оның 15-і — мектеп меншігіндегі автобус.Дегенмен жұмыс жасап тұрғаны— 10 автобус. Оның 5-еуінің жағдайы мәз емес. Тек қолайлы ауа райында ғана жүреді. Аяз, боранды күндері оталмай, оқушыларды тасымалдауда жыл сайын қиындық туғызуда. Сондай-ақ №18, №30, №39, №70 мектептеріне тиесілі 4 көлік жарамсыз болғандықтан Сондай-ақ №18, №30, №39, №70 мектептеріне тиесілі 4 көлікжарамсыз болғандықтан, есепшоттан шығару жұмыстары жүргізілуде. №41 мектептегі автобусқа жаңа құрылғылар алып, жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласындағы мектептерде жалға алынған73 автобус бар, — дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.

Оның айтуынша, қазір жалға алынған автобустарды қысқарту міндеті тұр. Дегенмен бала санының артуына байланысты тасымал ұйымдастырылып жатқан барлық білім шаңырағы автобусты жалға алуға мәжбүр болып отыр.

Биыл Ақтөбе қаласындағы 5 білімшаңырағы 9 жаңа автобуспен қамтылды. Жаңадан келетін автобустарды беру арқылы жалға алынған көліктерді азайту жоспарланып отыр.Мысалы, №18, №30, №39, №47, №71, Благодар мектептері қос-қостан автобуспен қамтылатын болады. Аталған білім шаңырақтарының әрқайсысында қазір екі-екіден жалға алынған автобустар бар.

Дегенмен №1, №14, №31, №40, №36 және тағы басқа біраз мектепке жаңа автобус берілсе де, аталған білім беру мекемелерінде бала санының көп болуына байланысты автобустарды жалға алмау мүмкін емес, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы.

Жаңа автобустар берілді

Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы ауылындағы №53 мектепте 162 бала тасымалданады. Оның ішінде 80 оқушы1-кезеңде, қалған 82-сі 2-кезеңде оқиды. Тасымалдау үшін арнайы кесте бекітілген. Сол бойынша тасымал ұйымдастырылады. Жаңа оқу жылында аталған мектепке екі жаңа автобус беріліпті.

Балалардың қауіпсіздігі жіті бақалуда тұр. Оларды мектепке алып келу, ауылдарына жеткізуге 5 тәрбиеші жауапты. Тәрбиешілер ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Арнайы чаттары да бар. Сонда ата-аналар балаларының автобусқа мініп-мінбейтіні, өз көліктерімен апаратыны туралы жазады.

Мектебімізге оқушылар Қызылжар, Қызылжар-2, Қызылжар-3, Қызылжар-4, Рауан елді мекендерінен, сондай-ақ Есет батыр тұрғын алабындағы 2, 3 және 4-шағын аудандардан келіп оқиды. Балалар санының көптігіне байланысты күн сайын көліктер  жалпы 8 рет қатынайды. Биыл бала саны тіптен көбейді. Өйткені біздің білім шаңырағы — аралас мектеп. Сол себепті жақын маңдағы елді мекендерден орыс сыныбында оқитын оқушылар көп келеді.

Айта кету керек, мемлекет тарапынан білім саласын дамытуға көп қолдау көрсетіліп жатыр. Соның жарқын мысалы, біздің мектебіміздің маңынан сыйымдылығы 984 орынға арналған үш қабатты оқу ғимараты еңсе тіктеді. Соның арқасында мектебіміздегі үшауысымды білім беру мәселесі шешілді. Жаңа оқу ғимаратында негізінен 7-11 сынып оқушылары білім алып жатыр. Биология, физика, химия, информатика кабинеттері жаңа үлгідегі жабдықтармен қамтылған, — дейді №53 мектептің директоры Гүлнар Жанина.

Аталған мектептің ата-анасы Гүлжанат Тілеубергенова оқушылар тасымалына дән риза.

Есет батыр тұрғын үй алабындағы №4 шағын ауданда тұрамын. Үйіміз Қарғалыдағы мектепке біршама қашық орналасқан. Сонда да балаларым сабақтан кешіккен емес. Өйткені №53 мектепте балалар тасымалы жүйелі ұйымдастырылған. Соның арқасында Әлихан және Даниал есімді бастауыш сыныпта оқитын балаларым мектепке уақытында барып, келеді. Автобустың іші жайлы, жылы, таза.

Мектебімізге бір емес, екі жаңа көлік берілгеніне қуаныштымыз. Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасағаны үшін атқарушы билік өкілдеріне ризашылығымды білдіремін, — дейді Гүлжанат Тілеубергенова.

Жаңа мектептің мәселесі

Ақтөбе қаласындағы 41-разъезде орналасқан Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиядағы 91 бала үшін автобус тасымалы ұйымдастырылған. Бұл білім шаңырағына оқушылар мектептен 5 шақырым қашықтықтағы Ақтөбе су қоймасы елді мекенінен және 3 шақырым қашықтықтағы Қобыланды батыр көшесінен қатынайды. Жалпы күн сайын 5 рет көлік тасымалы ұйымдастырылады. Бұл үшін мектеп әкімшілігі «Автокар» ЖШС-нен автобусты жалға алып отыр.

Мектептің автобусы бұзылып тұр. Жүргізушісі жоқ. Осыдан бірнеше ай бұрын enbek.kz  сайты арқылы D санатты көлік жүргізушісі керектігін хабарлаған едік. Дегенмен ешкімнен ұсыныс болған жоқ. Көлік жүргізушісінің жалақысы аз, сол себепті ниет білдіруші болмай жатыр деп ойлаймын.

Ақтөбе су қоймасы елді мекенінде мектеп автобусына арналған аялдама жоқ. Балалардың қауіпсіздігі үшін аялдама қажеттігін айтып, Алматы ауданы әкімдігіне де, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне де және басқа да құзырлы органдарға әлденеше рет хат жаздық, дегенмен қайран жоқ. Ал Қобыланды батыр көшесінің тұрғындары өздері демеушілік көрсетіп, аялдама салып қойды.

Мектебіміз 4 жыл бұрын ашылды. 600 орынға арналған үш қабатты зәулім ғимаратта балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Дегенмен ғимараттың айналасына жол төселмеген. Әсіресе жауын-шашын болғанда жүру мүмкін емес. Мұндайда мектепке жаяу қатынайтындар үшін қиын. Су кешіп, балшыққа былғанып әзер жетеді. Мұны бірнеше рет мәселе етіпкөтеріп, құзырлы мекемелерге сұраныс жібердік. Дегенмен әзірге жауап жоқ, — дейді Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбсары Гүлназ Асқарқызы.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, Балалар жылы аясында жоспарланған 32 автобустың10-ы мектептерге таратылып берілді. Қалған 22 көлік жыл аяғына дейін жеткізілетін болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button